Астанада 3 мың Рубик кубигінен Елтаңба бейнесі құрастырылды

Фото: amanatpartiasy.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік рәміздер күніне орай Kazakhstan Speedcubing Federation командасы ерекше патриоттық акция өткізді.

Олар елордадағы Нұржол бульварында 3 мыңнан астам Рубик текшелерінен Елтаңба бейнесін жасады.

Фото: amanatpartiasy.kz

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірованың айтуынша, мұндай креативті акциялар отандастарымыздың елге сүйіспеншілігін ояту, мемлекеттік рәміздерге құрметін нығайту және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

Фото: amanatpartiasy.kz

— Мемлекеттік Елтаңбаның мән-мағынасы тереңде жатыр. Онда халқымыздың ғасырлар бойғы тарихы көрініс тапқан. Шаңырақ — бейбітшілік пен келісімді, тұлпар — қуат-күш пен еркіндікті, ал бес бұрышты жұлдыз — болашаққа көзқарасымызды бейнелейді. Біз қалыптан тыс тәсілдер арқылы патриотизм құндылықтарын насихаттауға тырысамыз. Жастарымыз мемлекеттік рәміздермен рухани байланыс барын сезініп, оларды мақтан тұтса екен дейміз. Осындай акциялар азаматтардың Отанға сүйіспеншілігін, ел ертеңіне деген жауапкершілік сезімін оятады, — деді ол.

Фото: amanatpartiasy.kz

Көлемі 4×3 метрлік панноны құрастыруға үзіліссіз 10 сағат жұмсалған. Нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Елтаңбаның дәлме-дәл, пиксельді бейнесі әзірленді. 

Спидкубинг чемпионы және Kazakhstan Speedcubing Federation ұйымының жетекшісі Әлихан Ертұрсынның айтуынша, мұндай жобалар аса жоғары зейін мен команданың үйлесімді жұмыс істеуін талап етеді.

Фото: amanatpartiasy.kz

— Эскиз жасау үшін арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен Елтаңбаның пиксельді үлгісін әзірлеп, оны бөліктерге бөлдік. Мұндай ауқымды дүниені құрастыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алайда бұл біздің алғашқы тәжірибеміз емес. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше әрі әсерлі туынды сыйлай алғанымызды мақтан тұтамыз. Жалпы, Рубик текшесі — ақыл-ойды, моториканы, қимыл-қозғалысты үйлестіруге және барынша зейінді болуға арналған таптырмас жаттығу құралы, — деді Ә. Ертұрсын.

Сонымен бірге, бүгін қала көшелері мен қоғамдық орындарында тұрғындарға мемлекеттік рәміздер тақырыбындағы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар беріледі.

Фото: amanatpartiasy.kz

Қала тұрғындары мен қонақтарына 3 мың дана шағын жалауша таратылады, ал көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 300-ге жуық Ту ілінеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Мемлекеттік рәміздері күні Астанада 500-ге жуық іс-шара өтеді.