Астанада 3 студентті атыс қаруымен жаралаған күдікті ұсталды

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада 3 студентті атыс қаруымен жаралаған күдікті ұсталды. Бұл туралы елордалық Ішкі істер департаментінен хабарлады.

Мәлім болғандай, Астана қаласы бойынша ІІД Алматы аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне, қалалық ауруханаға сол аяқтары мен тізелеріне атыс қаруынан жарақат алған 1992 және 1985 жылдары туған 3 азамат жеткізілгендігі туралы хабар түскен.

Мән-жайды анықтау барысында полицейлер, жарақаттармен ауруханаға жеткізілген Астанадағы ЖОО-ның 3 студенті, сол күні өздеріне аса таныс емес екі жас жігітпен сөзге келісіп қалғандығын анықтады. Шиеленістен кейін олар үйлеріне тарқасып кетеді. Бірақ студенттер кешке қайта кездесіп, компьютерлік клубқа барады. Аздаған уақыттан кейін клубқа өздерімен сөзге келісіп қалған екі азамат келіп, сыртқа шығуды сұрайды. Олардың күндізгі дау-дамайлары шиеленісе түскенде, екі азаматтың бірі аң аулайтын шолақ мылтықпен студенттердің аяқтарына атып, оқиға орнынан іздерін суытады.

Шұғыл-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы аудандық ІІБ-ның тергеу бойынша қызметкерлері қарудан атқан азаматты қолға түсірді. Ол елорда кәсіпорындарының бірінде жұмыс істейтін, бұрын қарақшылық үшін істі болған 1989 жылғы Қостанай облысының тумасы болып шықты.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қалалық ІІД-нің уақытшы ұстау абақтысына қамалды. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 257-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде.