Астанада 31 ескі тұрғын үй бұзылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылға дейін Астанада бұзылуға жататын тұрғын үйлер тізіміне 1940 жылдан 1970 жылға дейін салынған 228 үй кірді. Ол үйлердің негізгі құрылыс конструкциялары мен инженерлік желілері әбден тозғандықтан апатты жағдайда деп саналады, деп хабарлады astana.kz.

Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл 31 үй, жалпы ауданы 17,5 мың шаршы метр 463 пәтер бұзылады. Оның 19-ы «Сарыарқа» ауданында орналасса, 12 үй «Алматы» ауданында. Апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына бұзылатын пәтердің шаршы метріне пара-пар жаңа тұрғын үй беріледі. Естке сала кетейік, Астанадағы апатты үйлерді бұзу бойынша жоба «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоспар бойынша 2017 жылға дейін бұзылатын 228 апатты жағдайдағы үйдің орнына жаңа тұрғын үй кешендері мен басқа да нысандар салынады. 3519 отбасы жаңа пәтерге көшіріледі.