Астанада 32 палуан «Қазақстан барысы» атағына таласады

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне қазақ күресінен екінші республикалық турнирінің іріктеу кезеңі аяқталды,

деп хабарлады ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен.

Іріктеу жарыстары Астана және Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарында аяқталды.

Оның қорытындысы бойынша, әр аймақ атынан 2 палуан елордада өтетін шешуші турда бақ сынайды. 2012 жылдың 22 кыркүйегінде Астанада 32 палуан «Қазақстан барысы» атағына таласады. Жарыс 74 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өтеді.

Турнирдің басты жүлдесі - «тайтұяқ» және Алтын белбеу. Оған қоса, жеңімпаз 150 мың АҚШ долларын иеленеді. Екінші, үшінші орын алғандар күміс пен қола медаль және ақшалай сыйақы алады.

Ұлттық қазақ күресінен өтетін турнирдің негізгі мақсаты - қазақ күресін дамыту және жастарды ұлттық салт-дәстүрге дәріптеу. Сонымен қатар, қазақ күресін жазғы Олимпиада мен Азия ойындарына қосу жоспары бар.

Былтыр 20 тамызда Қазақстанда «Қазақстан барысы» І республикалық турнирі 64 палуанның қатысуымен өткені белгілі.

Онда жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрады. Алтын белбеу қызылордалық Ұлан Рысқұлға, күміс белбеу жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевқа, қола белбеу шығысқазақстандық Шалқар Жоламановқа бұйырды.

 Ұйымдастырушылар: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігі, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры, Қазақ күресі федерациясы.

Турнирдің бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ. Турнир туралы толығырақ www.кazakhstanbarysy.kz сайтынан білуге болады.