Астанада 350 үлескер көптен күткен пәтерлеріне қоныстанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бес жылдан астам уақыт бойы баспаналарын күткен 350 үлескер пәтерлерінің кілтін алды. «Атамари» тұрғын үй кешенінің құрылысы прокуратураның араласуынан кейін аяқталды.

Фото: Freepik

2020 жылы азаматтар болашақ пәтерлеріне қаражат салған. Алайда құрылыс салушы өзіне алған міндеттемелерін уақытында орындамай, тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмаған.

Үлескерлердің мүддесін қорғау мақсатында прокуратура сотқа талап арыз енгізді. Нәтижесінде аяқталмаған құрылыс нысаны жаңадан құрылған тұрғын үй-құрылыс кооперативіне берілді.

Кейін құрылыс жұмыстары жалғасып, «Атамари» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Осылайша, 350 үлескер көптен күткен баспаналарына қол жеткізді.

Прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері соттар үлескерлердің құқықтарын қорғауға қатысты прокурорлардың 11 талап-арызын қанағаттандырған.

— Соның нәтижесінде жалпы сомасы 3,9 млрд теңге болатын талаптар бойынша 277 үлескердің мүддесі қорғалды. Үлестік құрылыс саласындағы заңдылықтың сақталуы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, — делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушының тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Тұрғын үй кешендерінің заңдылығын homeportal.kz сайтындағы тізімнен тексеруге болады.

Бұған дейін Жетісуда үлескер қаржысын заңсыз тартқан құрылысшылар жауапқа тартылғанын жазғанбыз.