Астанада 4 миллион теңгеден астам ақша әкеле жатқан инкассаторға шабуыл жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың орталығында бүгін таңертең инкассаторға шабуыл жасалды. Елордадағы ұйым қызметкерлерінің бірінен белгісіз біреу 4 млн-нан астам теңгесі бар сөмкені жұлып әкетпек болған, деп хабарлады Астананың ІІД баспасөз қызметі.

Қаланың ІІД-нен хабарлағандай, инкассатор терминалдардан төлемдерді жинап, ақша алған. Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында оған белгісіз ер адам шабуыл жасаған. Болған жағдай туралы хабарлама полицияға шамамен таңғы 10:00 кезінде түскен.

Инкассатор шабуыл жасаған адамға қарсылық көрсетіп, травматикалық тапаншадан ұрыны шошыту үшін ауаға оқ атқан. Осыдан кейін шабуылдаушы ізін суытқан.

ІІД баспасөз қызметінен атап көрсеткендей, күдіктінің кім екені анықталды. Оны ұстау бойынша шаралар жүргізілуде.