Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері қатысты.
Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап көрсететінін айтты. Президент Қазақстанда ағза трансплантациясының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және отандық дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары екенін де атап өткен болатын. Бүгінде мамандарымыз заманауи технологияларды, жан-жақты дайындықты және тұтас бір команданың үйлесімді жұмысын талап ететін аса күрделі операцияларды жасап келеді.
-Жаңа Конституцияда әр адамның өмір сүру құқығы ешкім айыра алмайтын ең қымбат құндылық ретінде айқындалып, азаматтардың денсаулығын қорғауға мемлекет кепілдік беретіні бекітілген. Бұл – мемлекетке үлкен жауапкершілік жүктейтін қағидат. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесі адам өмірін сақтап қалудың барлық мүмкіндігін – аурудың алдын алудан, оны дер кезінде анықтаудан бастап, күрделі емдеу тәсілдері мен трансплантацияға дейін – толық әрі тиімді пайдалануға тиіс. Үкімет трансплантация жүйесін одан әрі жетілдіруге, медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және халыққа түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға баса мән береді. Себебі, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекет үшін бұлжымас әрі ең жоғары басымдық, — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Фильмнің «4739» деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүгінде ағза трансплантациясын күту тізімінде дәл осынша адам тұр. Олардың басым көпшілігі үшін трансплантация – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Жыл сайын 350-ден астам пациент қажетті операцияны күтпестен көз жұмады. Сонымен қатар еліміздегі трансплантация операцияларының шамамен 90%-ы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10%-ға да жетпейді.
Соңғы бес жылда елімізде 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Оның әрбір төртіншісі 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция жасалды.
Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты.
Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын 172 283 адам білдірген. Олардың 16 109-ы келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.
Халықтың хабардарлығын арттыру және қоғамда ашық пікір алмасу азаматтардың саналы шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Мұндай шешім болашақта құтқарушы трансплантацияны әлі де күтіп жүрген адамдарға өмір сүруге мүмкіндік сыйлауы мүмкін.
24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген туынды пациенттердің, олардың отбасылары мен медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, дер кезінде қабылданған шешімнің маңызы туралы мәселелерді көтереді. Фильм түрлі көзқарастар мен өмірлік ұстанымдарға құрметпен қарай отырып, ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбітуге ықпал етуді көздейді.
Деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.
Семейде «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өтті.