Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған өңірлер шеруі өтті

Фото: Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстанның 20 өңірінен 200-ден астам өкілдің қатысуымен «Бірлік керуені» атты ауқымды іс-шара өтті. Спортшылардан, батырлардан және қоғам қайраткерлерінен құралған керуен әр өңірдің дәстүрлі стилінде безендіріліп, шеру жасады, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Керуеннің басты міндеті – өңірлерден елордаға ойындар тарихының ажырамас бөлігі болып саналатын қасиетті суды ойындардың ашылу салтанатына жеткізу. «Бірлік керуені» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатының басты киелі элементі ретінде қасиетті суды пайдалану дәстүрін жалғастырады. 

Фото: Астана әкімдігі

Сағат 16.00-ден бастап ЭКСПО аумағында елорда тұрғындары мен қонақтары алдында ди-джей өнер көрсетіп, интерактивті ойындар өткізілді. Одан әрі сағат 17.00-де театрландырылған бағдарламамен және 20 өңірден келген өкілдердің шеруі арқылы ресми ашылу өтті.

Фото: Астана әкімдігі

Қатысушылар мен көрермендер алдында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара барысында керуен еліміздің барлық өңірінен жиналған қасиетті суды Астанаға жеткізді. Бұл су Қазақстан халқының ортақ күші мен бірлігін білдіреді. Шеруді шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары жалғастырды. 

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара барысында «Royal beats» барабаншылар ансамблі, «Жошы» тобы, сондай-ақ Aro, Қуандық Рахым, Маржан Арапбаева, Ғазизхан Шекербек, Ақбота Керімбекова, Ayree, Мирас Жүгінісов және «Бәйтерек» тобы секілді өнер иелері концерт өткізді. 

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара ЭКСПО аумағында өтті. 

Фото: Астана әкімдігі

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін еліміздің әр өңірінің киелі саналатын бұлақ көзінен торсық толы су жиналған болатын. Дәл осы су 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатының негізгі элементі болмақ. 

Фото: Астана әкімдігі

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам адам қатысады. 

Фото: Астана әкімдігі