Астанада 50-ден астам адамға жасанды жүрек салынды

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Астанада 2011 жылдың қарашасында жасанды жүрек салу бойынша бірінші ота жасалды.

Сол арқылы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық әлемнің ең беделді жиырма клиникасының қатарына енді. Бұл туралы astana.kz сайтына «ҰҒКО» АҚ-дан мәлім етті.

Сайттың жазуынша, кейінгі 1,5 жылда Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық базасында 50-ден астам осындай ота жасалды. Ол созылмалы жүрек талмасына шалдыққан науқастардың осы дерттен жазылу үмітін оятты.

«Ота жасалған адамдардың барлығы да еңбек жасындағы жандар. Мүгедектігіне қарамастан олар бүгінде бұрынғы белсенді еңбек ету мүмкіндіктеріне қайтадан оралуда. Жасанды жүрек қойылғаннан кейін көптеген науқастар болашақ өмірлеріне сеніммен қарап, отбасын құрады, бизнестерін дамытады. Олардың 70 пайызы 40 жас шамасындағы ер адамдар», - деп хабарлады Кардиоорталықтан.

Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2011 жылмен салыстырғанда елордада қан айналымы жүйесінің зақымдануымен ауыратындар саны 5,1 пайызға азайғандығы байқалған. Сонымен қатар, осы науқастан көз жұматындар саны да 22,6 пайызға төмендеді.