Астанада 6-12 жас аралығындағы балаларға арналған футбол орталығы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 1 мамырдан бастап балалар футбол орталығы өз жұмысын бастайды. «Астана қаласының футбол федерациясы» ЗТБ хабарлауынша, жаттығулар кәсіби алаңда - «Жас батыр» спорт кешенінде өтеді, деп хабарлайды astana.kz.

«Жас батыр» спорт кешенінің инфрақұрылымы жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы етіп жасалған. Орталықта балалар мен жасөспірімдерді жаттықтыру санаттарына ие кәсіби бапкерлер жұмыс істейді. Мұнда балалар футболды мектептегі пән тәрізді үйренетін болады. Сондай-ақ жас футболшыларды тәрбиелейтін басқа да сабақтар өтеді (жеке футбол әдістері техникасы, тактикалық қарым-қатынас). Болашақта балалар жаттығу барысында үйренген дағдыларын қалалық және республикалық жарыстарда іс жүзінде қолдана алады. Жаттығу жазғы демалыс кезінде де тоқтатылмайды. Жазда ашық алаңда өтетін жаттығулар балалардың ағзасына оң әсерін тигізеді, ал командалық ойын тіл табысу дағдыларын дамытуға сеп болады. Балалар футбол орталығына 6 жастан 12 жасқа дейінгі балғындар қабылданады. Спортпен айналысуға медициналық тұрғыда жарамды балалар алдын ала тексерусіз алынады. Орталықта бір айлық оқыту бағасы - 15 000 теңге, ал үш айға бірден ақы төлеген жағдайда - 12 000 теңгені құрайды.