Астанада 60 ПИК төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды - ІІД
Бұл туралы бүгін Астана қаласының прокуратурасында өткен жиын барысында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғосман Жакин мәлім етті.
«Ұсақ-түйек қылмыстарға мүлде төзбеу принципін халық санасына сіңіру үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істейді. Осы жылдың жарты жылында 34 жедел- алдын алу шаралары, 280 рейд жүргізілді. Жедел шаралардың барысында тәртіп бұзған 9 мыңға жуық адам ішкі істер органдарына жеткізіліп, 8 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды»,-деді Ғ.Жакин.
Ғ.Жакиннің баяндамасына сүйенсек, әкімшілік тәртіп бұзғандардың арасында жеке тұлғалардан басқа, мердігер құрылыс ұйымдарының жетекшілері мен пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері де бар. Өкінішке орай, әкімшілік полиция өкілі бұл ұйым жетекшілерінің нақты қандай баптар бойынша тәртіп бұзғанына тоқталмады.
«Сонымен қатар, мердігер және құрылыс ұйымдарында, пәтер иелері кооперативтеріндегі әкімшілік тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау жөнінде тиісті шараларды қолға алдық. Сонымен, бұл бағыттағы жұмыстың алты айдағы қорытындысына сүйенер болсақ, 60 ПИК-тің төрағасы, 32 мердігер құрылыс ұйымдарының жетекшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-дейді Ғ.Жокин.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласының прокуратурасында қоғамдағы тәртіп бұзушылықтарға мүлде төзбеу принципін қалыптастыру жөнінде ведомствоаралық кеңес өтті.