Астанада 650 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі өтті.

Фото: Астана әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл елорда мектептерін 16 мыңнан астам түлек тәмамдады. Оның ішінде 1 202 оқушы үздік аттестатқа ие болса, 650 түлекке «Алтын белгі» белгісі табысталды.

«2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша елорда мектептерінде 314 964 оқушы білім алды. Оның ішінде мемлекеттік мектептерде – 260 418, жекеменшік мектептерде – 47 760 және республикалық мектептерде 6 786 оқушы оқыды», – деп хабарлады әкімдік.

Биыл мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру кезінде үнемшілдік пен жауапкершілік қағидаттарына ерекше мән берілген. Осыған байланысты ата-аналар мен түлектердің 70 пайыздан астамы мейрамханаларда салтанатты кеш өткізуден бас тартып, қаражатты тиімді пайдалануды таңдаған.

Аттестат тапсыру рәсімдері барлық білім беру ұйымында салтанатты жағдайда өтті. Ұстаздар мен ата-аналар түлектерге сәт-сапар тілеп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, ЖОО-ларда грант конкурсына құжат қабылдау қашан басталатынын мынау сілтемеден біле аласыз.