Астанада 6906 ағаш пен 8 миллионға жуық гүл отырғызылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктем шыққан соң «Астана-Зеленстрой» АҚ қызметкерлерінің жұмысы қыза түседі. Олар жыл сайын қаланы көгалдандыру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізеді. Ал елорда тұрғындары мен қонақтары кешке парктерде серуендеп, қаланың көркіне лайықты бағасын беріп жатады.

Елорданы көлгалдандыру бойынша жұмыстар «2007-2030 жылдарға арналған Астана қаласын көгалдандыру тұжырымдамасын» ескере отырып, Астананың Бас жоспарына сәйкес жүргізіледі, деп хабарлады www.astana.gov.kz .

Биыл қала көшелерінде, гүлбақтарда және парктерде ағаш отырғызу жоспарланған. Мысалы, Есіл ауданында 2562 ағаш, Алматы ауданында 3801 және Сарыарқа ауданында 543 көшет отырғызылады. Сонымен қатар, ұзындығы 2728 қума метр қоршау салынбақ. 1120 қума метр. Есіл ауданына, 1000 қума метр. Алматы ауданына және 608 қума метр. Сарыарқа ауданына тиесілі. Жалпы, 145 мың шаршы м жерге 7,9 млн. дана гүл отырғызылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары жаз бойы тігінен көгалдандырылған 750 объектіні тамашалайтын болады: қоршауларға жасалған әр алуан тік композициялар, кашпо, шарлар осының барлығы гүлден жасалады. Бұдан басқа, өсімдіктерден жасалған жиырма сәндік фигура мен 3 шағын альпі тауы болады.

Осы сала мамандарының айтуынша, жыл сайын көгалдандырумен айналысып, елордадағы ағаштар саны арттырылмақ, яғни, қаланың айналасында отырғызылған көшеттер тас жолдардың бойындағы көгалдандырумен ұштасатын болады, ал олар өз кезегінде, көрікті гүлбақтар мен парктерге ұласады.