Астанада 7-Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының алаугеріне алғашқы сертификат тапсырылды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада 7- Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасына қатысу үшін алғашқы сертификатты тапсыру іс-шарасы өтті.

Сертификатқа ие болған алғашқы алаугер - Грекия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Евагелос Денаксас болды.

Сертификатты Қысқы Азия ойындары мен Алау эстафетасын өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекциясының басшысы Наиль Нуров тапсырды. «Грекия -Олимпиада қозғалысының отаны. Аталмыш елдің дипломаттары әлемде көне грекиялық олимпиада дәстүрін қайта жандандыруға талпынуда. Е. Денаксастың эстафетаға қатысуы Олимпиадалық және Азиялық ойындар өзара тығыз байланысты екендігін тағы бір мәрте еске салатын болады», - деді ол.

Кездесу барысында сондай-ақ Елшіге Алау эстафетасының атрибуттары, атап айтқанда алау құтысы, тасымалданбалы оттық, кіші қазандық, алаугерлер мен алау сақшыларының киім үлгілері таныстырылды. Онымен бірге, эстафетаның Елші қатысатын елордадағы бағыты әңгіме арқауы болды.

Айта кетейік, Азиада Алауы 11 қаңтар күні АОК-ның штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласындағы «Кувейт Тауэрс» мұнараларының алдындағы алаңда тұтанады. 12 қаңтар күні Алау Алматы қаласына жеткізіледі де, ол 20 күн бойы Қазақстанның орталық аймақтарын аралайды. 30 қаңтар күні эстафетаның Астанадағы кезеңі өтеді. Іс-шара осы күні Ойындардың салтанатты ашылу рәсімі болатын «Астана-Арена» стадионында мәреге жетеді. Алау эстафетасына республика бойынша барлығы 1020 алаугер іріктеп алынды, әр облыстан - 60, Алматыдан - 80 және Астанадан - 100 адам.