09:44, 10 Сәуір 2009
Астанада 7 тұрғын үй мен 52 ұйым сусыз қалды
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Су құбырларының жарылуы салдарынан елордада бірқатар үйдің тұрғындары сусыз қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. Сәуірдің 9-ы күні сағат 16.17-де Можайский және Угольная көшелерінің қиылысында «АИС-Астана» ЖШС жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде диаметрі 500 мм су құбыры зақымданды. Соның салдарынан жақын маңдағы 7 тұрғын үй мен 52 мекеме сусыз қалды. Бүгін, сәуірдің 10-ы күнгі сағат 6.00-дағы жағдай бойынша, жөндеу жұмыстары жартылай орындалды, сағат 05.30-да Кирпичный тұрғын үй орамында, 1-Жылу-электр орталығына, №33, 12, 34, 23 орта мектептеріне, «Жас Ұлан» мектебіне, Воронежская, Курская көшелеріне су берілді. Оқиға орнында «Астана су арнасы» кәсіпорының арнайы бригадасы мен елордалық Алматы ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының жедел тобы жұмыс істеуде. Кеше сондай-ақ, сағат 15.15-те Жамбыл көшесінде диаметрі 1500 мм су құбыры жарылып, оқиға салдарынан жақын маңдағы 10 үй сусыз қалды. Сәуірдің 10-ы күні сағат 00.50-дегі жағдай бойынша бұл апаттың салдары жойылып, су қайта берілді.