18:43, 16 Сәуір 2009
Астанада 70-ші жылдардың жарқын жұлдыздары «Айгүл» ән-би ансамблі концерт қояды
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 1970-ші жылдары Кеңес одағы аумағындағы алғашқы жеке қыздар ансамблі болған, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының студент-қыздарынан құралған вокалды-аспаптық - «Айгүл» ән-би ансамбліне 40 жыл толып отыр.
Өнер ұжымы мерейтойларына орай сәуірдің 20-сы күні Конгресс-Холл сарайында елорда тұрғындарына «Тек қана қыздар...» атты концертін ұсынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін Халықаралық баспасөз орталығында аталмыш концерттің өткізілуіне орай ансамбль мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді. «Айгүл» ансамблі 1969 жылы ҚМҚПИ-да КСРО мәдениет қайраткері, Жоғары мектеп академигі, педагогика ғылымдардың докторы, профессор Марат Балтабаевтың жетекшілігімен құрылды. Оның бастапқы құрамы 12 қыздан тұрды. Олардың әрқайсысы ән айтып, би билеп, түрлі музыкалық аспаптарда ойнай алды. Қыздар оқуларын аяқтағаннан кейін де сахнада 8-10 жыл бірге өнер көрсетті. Отбасын құру кезеңі келгенде олар ансамбльмен ұзақ жылдарға қоштасып, 2007 жылы ҚМҚПИ-дың 60 жылдығына арналған мерейтойда қайта жүздесті. Ансамбль Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1977-1978), «Халықтың шығармашыл ұжымы» атағына ие болды (1975), «Алло, біз таланттарды іздейміз» Бүкілодақтық телеарна байқауының лауреаты (1969). 70-ші жылдары қыздардың есімдері Кеңес одағына кеңінен таралды. Олар АҚШ, Жапония, Польша және басқа да шетелдерде гастрольдік сапарлармен болып, жергілікті халықтардың сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінде ансамбльдың жанкүйерлері азайған жоқ. Әртістердің айтуынша, сахнада тағы бір рет жарқ ету атаулы күнге ғана байланысты емес, мұнда көрермендерге деген махаббат басым. «Біз қазақ әндері мен күйлерін бүкіл Кеңес одағы мен шет елдер тыңдаса деп тіледік. Гитара, барабан, синтезатор сынды аспаптарда ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпайтындай етіп, сол заманға лайық әуендерді ойнадық», - дейді ансамбльдің мүшесі, Қазақстан мәдениет қайраткері Сақыпжамал Ұзақбаева. Ансамбль елордадан кейін Қазақстан бойынша шағын гастрольдік-турнеге аттанады.