Астанада 700-ден астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда 742 қала тұрғынына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек Астана қаласында тіркелген және тұрғылықты тұратын орташа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен (күн көріс деңгейінің 40%) азаматтарға тағайындалады.

Аталған қызметтерді алуға үміткерлер - көп балалы, толық емес отбасылар, құрамында мүмкіндігі шектеулі адамдары бар отбасылар. 2015 жылы 1 мыңнан астам аз қамтылған тұрғын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініш беруші тоқсанына бір рет Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласады.

Адамға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептейді. 2016 жылдың 2 тоқсанында кедейлік шегі 9 157 теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап жәрдемақының үш түрі біріктіріледі: атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға арналған мемлекеттік көмек, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және жаңа форматта ұсынылатын болады. Жаңа атаулы көмек екі түр бойынша жіктеледі - шартты және шартсыз.