Астанада 71 жастағы әжей зәулім үйге сатымен жүгіріп шықты
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Highvill Skyrunning қайырымдылық марафоны осымен екінші рет өткізіліп отыр.
Жарыс шарты бойынша, қатысушылар алдымен 100 метр дистанцияға жүгіріп, артынша Highvill тұрғын үй кешенінің ең жоғарғы 34-қабатына баспалдақпен (700 баспалдақ) шығуы тиіс болды.
Қатысушыларға старт пен сөре уақытын тіркейтін чиптер таратылып берді. Үйдің баспалдақ алаңдарында 30 волонтер тұрды. Медицина қызметкерлері де кезекшілік етті.
Жарыста ерлер 18-30, 31-40, 41-50 және 51-60 жас санаттары, ал әйелдер 18-30, 31-40 және 41-50 жас санаттары бойынша бақ сынады. Айта кетерлігі, шараға жастар ерекше қызығушылық танытты. Қатысушылардың жалпы санының 57% 18-30 жас аралығындағы адамдардың құрағаны соны айғақтайды.
Әйелдер арасында 18-30 жас санатында жеңімпаз Элмира Молдашева (5:28) атанды. 31-40 жас категориясында - Екатерина Шатная (5:03) және 41-50 жас санатында Нелли Медведева (5:54) бірінші болып келді.
Жарыстың ең егде қатысушысы 71 жастағы әжей Амегульсин Мирошниченко 41-50 жас аралығындағы әйел қатысушылармен жүгіріп, Highvill-дің биігін 9 минут 15 секундта бағындырды. Ерлер арасындағы жасы ең үлкен қатысушы - 64 жастағы Қазбек Бекеев болды. Ол 34-қабатқа 4 минут 52 секундта көтеріліп, 51-60 жас санатында 2-орынды иеленді.
Шара соңында 5 санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер 50 мыңнан - 100 мыңға дейінгі ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Биылғы марафон қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылып отырғанын бұған дейін жазған болатынбыз.