Астанада 76 білім беру мекемесінде бейнебақылау камерасы орнатылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 76 білім беру мекемесінде (44 мектеп, 22 балабақша, 6 колледж, «Арман» лагері, «Шығыс» БЖО) бейнебақылау камерасы орнатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Болашақтың мектебі - бүгін» жобасы аясында 17 мектеп кіруді бақылаудың кешенді жүйесімен қамтамасыз етілді.

2014-2015 оқу жылдары қаланың 10 мектебінде балаларды мектептен үйге жеткізу жүзеге асырылды. Осы мақсатта 20 көлік құралы бөлінген. Барлық автобустар бекітілген бағдар бойынша жүреді. Жобаны Астана қаласының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы қаржыландырып отыр. Барлығы 1529 бала тасымалданады, соның ішінде 1047-сі І ауысымда, 482-сі ІІ ауысымда оқиды.

№65 мектеп лицейінде коррекциялық сыныптардағы 37 мүгедек баланы тасымалдау үшін 10 инватакси ұйымдастырылды.

2015 жылғы ақпаннан бастап білім беру қызметкерлері мен ата-аналардың психологиялық біліктілігін көтеру мақсатында Психологиялық қызмет кабинеті ашылды. 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 15 мектепте «Өзін өзі дамыту психологиясы» факультативті курсы тәжірибеге енгізіледі.

Сонымен қатар, білім басқармасының базасында Психологиялық қызмет кабинетімен бірігіп, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға көмектесу үшін балалардың қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Балалар қоғамдық қабылдау бөлмесі әр сейсенбі күні сағат 14:00-17:00 жұмыс істейді.