Астанада 8 наурыз құрметіне 6500-ден астам көпбалалы анаға қаржылай көмек көрсетілді

None
АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында астаналық 6552 көпбалалы анаға бір реттік ақшалай көмек берілді. Бұл туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеме жасап, astana.kz хабарлады.

Төлемақы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілеріне ие көпбалалы аналарға, төрттен көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілді.

Естеріңізге саламыз, мереке мен айтулы күндерге орай бір реттік әлеуметтік көмек Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 410/54-IV шешімімен бекітілген «Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету ережелері» негізінде берілді.

Ережелерге сәйкес, астаналық көпбалалы аналарға басқа да әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі:

- қалалық қоғамдық көліктерде ақысыз жүріп-тұруға (таксиден бөлек);

- тістерін тегін протездеуге (асыл металдардан жасалған протездер есепке алынбайды).

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, 2012 жылдың соңындағы есеп бойынша Астанада төрттен көп баласы бар 3887 отбасы мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісіне ие 3478 көпбалалы ана бар.