Осыған байланысты бірнеше автожолдарда қозғалыстар шектеледі.
«9 сәуір күні қаланың тарихи бөлігіндегі екі маңызды көшесі - Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесінде жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты осы күнгі таңертеңнен бастап 15 маусымға дейін Біржан сал көшесінің Гете көшесінен Есенберлин көшесіне дейінгі бөлігі, Есенберлин көшесінен Ә.Молдағұлова көшесіне дейінгі Жеңіс даңғылы, Янушкевич көшесінен Брусиловский көшесіне дейінгі Иманов көшесінде қозғалыс шектеледі», - деп атап өтті бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов.
Оның айтуынша, Жеңіс даңғылының вокзалдан бастап Ә.Молдағұлова көшесіне дейінгі бөлігінде инженерлік коммуникациялар толық ауыстырылатын болады. «Бұл көшеде жүйелердің басым бөлігі 1980-ші жылдары салынған. Аталмыш көшеге жөндеу жұмыстары 2001 жылдан бері жүргізілген жоқ. Су және кәріз құбырларының тозығы жетуі салдарынан онда жарылыстар жиі болады», - деді ол.
Р.Аманжоловты сөзіне қарағанда, соңғы үш жылдың өзінде Жеңіс даңғылында құбырлар 35 рет жарылған. Бір жарылған құбырды жөндеуге шамамен 500-600 мың теңге жұмсалатын көрінеді.
Иманов көшесінде де инженерлік жүйелер түгелімен жаңасына ауыстырылып, автомобиль жолы төрт жолаққа дейін кеңейтіледі.
«Астана су арнасы» МКК бас директорының эксплуатация бойынша орынбасары Сергей Вилков атап көрсеткендей, инженерлік желілерді төсеу кезінде су үшін жоғары қысымды полиэтиленді құбырлар, ал кәрізге полиэтиленді және иілгіш шойыннан жасалған құбырлар пайланатын болады. Олардың жарамдық мерзімі 50 жылдан астам.
Ол сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүретін уақыт аралығында қала тұрғындары сумен қамтамасыз ету және суды ағызумен қолайсыздықтар көрмейтіндігіне сендірді. «Тек құрылыс аяқталған кезде алдын ала ескертіле отырып су 12 сағатқа, ең көп дегенде бір тәулікке берілмеуі мүмкін», - деп нақтылады ол.
Ал Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Бақыт Малыбаев, Жеңіс және Иманов көшелерін айналып өту сызбасы әзірленгендігін жеткізді. Ұсынылып отырған айналма жолдарда қазір қосымша жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылды. Онымен бірге әрбір көшені жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жол полициясы инспекторлары қадағалайтын болады.
9 сәуір мен 15 маусым аралығында жолаушылар тасымалымен айналыстын автобустардың да бағыттары өзгеретін болады. Автомобиль жолдарындағы өзгерістер туралы толық ақпаратты қала әкімдігінің www.astana.kz сайтынан көруге болады.
Жалпы ағымдағы жылы елордада 23,7 шақырым жол салынып, 10 шақырымына жөндеу, 18,5 шақырымына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаламен біріккен елдімекендерде 55,7 шақырым жол салынады. Сондай-ақ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қала шетінде орналасқан 20 тұрғын аумақтың 11-іне абаттандыру жұмыстарын жүргізетін болады. Үш жылға жоспарланған бағдарлама негізінде 140,8 шақырым инженерлік желі тарту көзделіп отыр. Қалған 9 тұрғын аумақтың жобасын Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы әзірлеу үстінде.