Жыл сонына дейін әрқайсысы 240 орынға арналған екі балабақша қолданысқа беріледі. Бірі Сарайшық мөлтек ауданында, екіншісі Макаренко, Радищева көше қиылысында орналасқан.
Қазіргі күнде мемлекеттік - жеке әріптестік аясында 1680 орынға арналған алты балабақшаның жобасы жүзеге асырылуда, берілу мерзімі - 2019 жыл. Сонымен қатар, жаңадан ашылған 79 жекеменшік балабақшада мемлекеттік тапсырысты орындау аясында 6359 орын ашылады.
Астана әкімдігі басшылығының көшпелі кеңесі барысында Сарыарқа ауданында орналасқан 1 200 орынға арналған мектеп құрылысының барысы баяндалды. Құрылыс 2018 жылдың тамыз айында аяқталады. Ғимарат Күмісбеков - Бигелдинов, Абай мен Сарыарқа даңғылы аймағында орналасқан.
Жаңа оқу жылында мектептерде орын тапшылығын шешу мақсатында 2 600 орынға арналған бес жапсарлы ғимарат салынып, қолданысқа берілді. Жаңа корпустар мына мекен жайларда орналасқан: № 37 мектеп - Күйші Дина 46/2, № 16 мектеп - Кенесары 81, № 17 мектеп-гимназия - Қабанбай батыр 9/1, № 22 мектеп- Жирентаев 16, № 32 мектеп - Абылай хан 25/3. Әсет Исекешев барлық корпустын дайындығын тексерді.
Сонымен қатар, әкім күрделі жөндеу жұмыстары өткізілген № 29 орта мектепте болды. Бұл мектепте былтыр сымның қысқа тұйықталуынан өрт шығып, білім ошағына айтарлықтай зақым келген. Осы жазда жаңа блок тұрғызылып, инженерлік желілер өткізілді, жаңа терезелер мен есіктер орнатылды.
Қаламыздың 74 орта білім беру мекемесінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру ұйымдастырылды. Оқу барысына әртүрлі диагнозы бар оқушылар барады (қант диабеті, эпилепсия, туа біткен даму ақаулары, тыныс демікпесі, лейкоз және т.б).
Сонымен қатар, Әсет Исекешев мүгедек балаларға арналған каратэ және жүзу секцияларының жұмысымен танысты. Қазіргі күні бас қаламызда мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен еркін шұғылдануына бар мүмкіндік жасалуда.
Көшпелі кеңес барысында Қарасай батыр көшесінде орналасқан Көпсалалы колледждің күрделі жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. Оқу орнының екі блогында жөндеу аяқталған, үшінші блокта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Осы жылы 9900 орынға арналған 9 мектептің құрылысы басталды:
1. Абай - Бигелдинов көшелері қиылысында орналасқан 1200 орындық мектеп;
2. Оқжетпес - Бөкеев көшелері қиылысында орналасқан 1200 орындық мектеп;
3. Қорғалжын тасжолында орналасқан 900 орынға арналған мектеп;
4. Нәжімиденов - Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы 1200 орынға арналған мектеп;
5. Оқжетпес - Қарталы көшелерінің қиылысындағы 1200 орындық мектеп;
6. Сейфуллин - Омаров көше қиылысында орналасқан 900 орынға арналған мектеп;
7. Сауран - № 26 және Хусейн бен Талал көшелері қиылысында орналасқан 1200 орындық мектеп;
8. № 41 - Жұмабаев көшелері қиылысында орналасқан 1200 орындық мектеп;
9. № 31 - Нұра Есіл көшелері қиылысында орналасқан 1200 орындық мектеп.
Сонымен қатар, Иманов - Брусиловский көшелері қиылысында 900 орынға арналған оныншы мектептін құрылысы жоспарланған. Тұрғындары неғұрлым тығыз орналасқан аудандарда 37 мектеп және 10 қосымша құрылыс жүргізу үшін жер учаскелерін бөлу бойынша сұрақтар қаралды.
Көшпелі кеңес барысында, қала әкімі Әсет Исекешев білім басқармасының басшысына және орынбасарларына құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарын қадағалауда ұстауды тапсырды.