Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Эпидемиологияға қарсы шараларды ұйымдастыру жөнінде штаб құрылды. Мұнда біз санитарлық блокты, ұйымдастыру шараларын, емдеу жолдарын айқындадық», деді баспасөз мәслихатында Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, Астанада шұғыл түрде ұйымдастырушылық кеңестер өткізілді. «Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен екі ұйымдастырушылық кеңес өткізілді. Онда A/H1N1 тұмауы таралуын жоюға қатысы бар қаладағы барлық мекемелердің іс-қимылдары тәртіпке келтірілді», деп қосты ол.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Лондондағы оқуларынан кейін Астанаға оралған балалардан алынған зертханалық талдаулар үш оқиға бойынша А/Н1N1 вирусын қуаттап отыр.
Ж. Бекішевтің айтуынша, 3 баланың 2-уінің жағдайының ауырлық дәрежесі орташа. Олар инфекциялық аурухананың бакстық бөлімшесіне жатқызылған. Бір науқастың және 3 күдікті жағдайдағы балаларда аурудың жеңіл түрі болғандықтан, олар үйлерінде ем қабылдауда.
«Қазіргі таңда әлемде 139 мыңнан астам A/H1N1 тұмауымен ауырған оқиғалар тіркелді. Бұл дерт 139 елді қамтып отыр. Біз елсіз аралда тұрып жатқан жоқпыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың таралмауы мүмкін еместігін тікелей айтуда. Біздің міндетіміз - кәсібилік, сауықтыру жұмыстарында шапшаңдық таныту», деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, тіл бағдарламасы бойынша Лондонда оқып қайтқан оқушылар тобының біразы, Астанаға оралғаннан кейін жағдайлары нашарлап, ауруханаға түскен еді. Жүргізілген талдау шаралары кәдімгі «А» вирусын анықтаған. Әрі қарай тексеру үшін талдаулар республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансының арнаулы зертханасына жіберілген болатын.