Кезекті рейд кезінде Ермек Серкебаев көшесіндегі құрылыс алаңдарына іргелес аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстамаған әрі құрылыс нысандарын қоршау талаптарын бұзған екі ұйым анықталды. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Сондай-ақ профилактикалық іс-шара барысында 34 жастағы азамат темекі тұқылын жерге тастап, кейін автокөлігіне отырған сәтте полицияның назарына ілікті. Құқық бұзушының жеке басы анықталып, оған заң аясында тиісті шара қолданылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Астанада қоғамдық орындарды ластағаны үшін 400-ге жуық азамат жауапкершілікке тартылған. Ал қалаларды абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 27 мыңнан астам адамға әкімшілік жаза қолданылған.
Тәртіп сақшылары тұрғындар мен қала қонақтарын тазалық талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарды ластамауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда 16 мыңнан астам адам табиғатты ластағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.