Оның айтуынша, мұндай құқық бұзу бейнебақылау камералары, рейдтік іс-шаралар, тұрғындардың хабарламалары және әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар арқылы анықталады.
— Заңсыз құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу деректерін анықтауға бағытталған жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Құқық бұзушды тіркеу үшін фото немесе бейнематериалдар жеткілікті. Егер жеке тұлға болса, бет-бейнесі анық көрінуі, көлікке қатысты болса мемлекеттік тіркеу нөмірі, ал құрылыс нысаны болса оның нақты орналасқан жері көрсетілуі қажет, — деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 505-бабы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзудың 29 мың дерегі анықталып, жалпы сомасы 57 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ Кодекстің 434-2-бабы, яғни ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 709 құқық бұзу тіркеліп, 18 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Инспектордың сөзінше, тұрғындар мұндай құқық бұзуды байқаса, 102 байланыс нөміріне хабарласа алады немесе тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция инспекторына жүгіне алады.
Айдын Есполов абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік құқықбұзушының мәртебесіне қарай белгіленетінін атап өтті.
— 505-бап бойынша алғаш рет анықталған жағдайда ескерту жасалуы мүмкін. Ал құқық бұзу қайталанса, жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі таңда бұл 86 500 теңге. Шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, ал ірі бизнеске 100 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, Астанада 60 мыңнан астам камера қала тазалығын бақылайтынын жазған едік.