Астанада абай бол, бейнекамераға түсіп қаласың

None
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Елордада жол қиылыстарында және жұрт көп жиналатын орындарға 50-ден аса ақылды бейнекамера орнатылды.

Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов хабарлады.

«Қазір бейнеталдау функциялары бар ақылды камералар енгізіліп жатыр. Мұндай 27 камера аса маңызды 25 жерге орнатылды, - деді

Е.Қожағапанов «Қылмыстардың жолын кесу мен құқық бұзу­шылықтардың алдын алу: қазіргі жағдайы және жетілдіру келешегі» деген тақырыпта өткен конференция барысында.

Қазір «Қауіпсіз қала» жаңаша бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Ол бейнеталдау функциялары бар 10 мыңға жуық ақылды камера орнатуды қарастырады. Бұдан басқа, бірыңғай төтенше жағдай орталықтары құрылады, онда қалалық жедел көмек көрсетуші қызметтер түгел шоғырландырылмақшы. Ішкі істер депарматенті оперативті басқару орталығының қолданыстағы барлық бейнебақылау камералары да бір ортақ жүйеге біріктіріледі.

Әкімнің орынбасары келтірген ақпаратқа сенсек, жыл соңына дейін қосымша 139 бейнекамера, келер жылы 80 камера орнатылады. Әзірше барлығы 511 камера тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың көмегімен 160 қылмыс ашылып, 29 мыңнан аса құқық бұзушылық анықталған. Сондықтан Астанада алшаң басып жүремін деген бұзақылардың сақ болғаны жөн, деп жазады «Айқын» газеті.