Астанада «Абай оқулары» республикалық байқауы өтеді

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2009 жылғы қыркүйектің 25-і күні Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан халқы тілдерінің ХІ республикалық фестивалі аясында Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары»  республикалық байқауын төртінші рет өткізгелі отыр,

  деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру. 

Байқауға еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың  жеңімпаздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салады.     

Талапкерлердің өнерін құрамында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік (қазылар алқасының төрағасы), ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор                          Тұрсын Жұртбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары  Төрегелді Тұяқбаев, Қазақ мемлекеттік музыка академиясының доценті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар сынды қазылар алқасы бағалайды.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және басқа да  сыйлықтармен марапатталады.