Астанада «Әбділдә Тәжібаев ? қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты оқырмандар конференциясы өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сәуірдің 17-сі күні Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының кітапханасында «Әбділдә Тәжібаев – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты оқырмандар конференциясы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш шара әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат халық жазушысы, қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын оқырмандар арасында кеңінен насихаттау болып отыр. Сонымен қатар ол кейінгі ұрпаққа сөз өнерінің құдіретін танытып, рухани сананы көтеру мақсатында ұйымдастырылуда. Конференцияда Әбділда Тәжібаевтың шығармаларына арналған көрме ұйымдастырылады. Оның бірінші бөлімі ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректерді қамтыса, екінші бөлімінде қалың көпшілікке танымал қоғам қайраткеріне қатысты естеліктер ұсынылатын болады. Шараға Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази, «Алтын тамыр» журналының Бас редакторы Несіпбек Айтұлы, «Мәдени мұра» журналының Бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжан және өзге де бірқатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ғалымдар қатысады.