Астанада Әбдісаттар Оспановтың шығармашылық кеші өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда төріндегі Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Авторлар қоғамының мүшесі, тарихшы-этнограф, жазушы, ақын, композитор, жыраулық-жыршылық өнерінің жанашыры Әбдісаттар Оспановтың тұңғыш рет «Ән ұшып, күй төгілді жүрегімнен» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті ҚР Мәдениет қайраткері Эльмира Жаңабергенова жүргізді.

Кеште ҚазҰӨУ студенттері автордың әр түрлі жанрда жазылған әндерін, термелерін және күйлерін орындап, өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Әдеби кештен кейін Әбдісаттар Сәдуақасұлы Астанада әдеби кешінің бірінші рет өтіп жатқанын айтып, осы кештің өтуіне мұрындық болған аталмыш оқу орнының басшысы Айман Мұсақожаеваға, осы оқу орнының студенттеріне алғысын білдірді.

Әбдісаттар Сәдуақасұлы 1941 жылы 10 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ұялы елді мекенінде дүниеге келген. Алматы өнеркәсіп құрылыс тресі Өндірістік жабдықтау басқармасы жоспарлау бөлімінің бастығы қызметінде жүріп, Қазақ ұлттық унивеситетінің тарих факультетінің кешкі бөлімін 1979 жылы сырттай оқып бітірген. Алматы жоғары экономика мектебін халықаралық насихатшы-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 1955 жылдан өлең жаза бастаған. «Өмір неткен тәтті едің...» кітабы (2000) мен «Жанқожа батыр», «Хан Сырлыбай» атты тарихи деректі романдары (2002) жарық көрді. Халық өнерінің жанашыры ретінде 1987 жылы Жаңақорғанда Қазақстанның халық ақыны М. Көкенов атындағы, 1996 жылы Қазалы қаласында Нұртуған ақын атындағы ақын-жыршылар дайындайтын мектептер ашады. КСРО халықтары шығармашылығы ІІ фестивалінің лауреаты.

Ол өткен жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдық мерейтойына арнап, батырдың өмірі мен ерлігі жайлы 3 томдық «Наркескен» тарихи-көркем трилогиясын жазып шықты.

Авторы: Күнсұлтан Отарбай