Астанада «Абу-Даби Плаза» мердігеріне ірі көлемде айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Табиғатты қорғау полициясы «Arabtec Consolidated Contractors Limited» компаниясын абаттандыру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

«Есіл ауданы табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аумақты тексеру барысында «Нұрлы жол» теміржол вокзалы ауданындағы саяжай аумағында «Абу-Даби Плаза» құрылыс нысанынан шығарылған құрылыс қоқыстарын тастаған «КАМАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Ол «қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын  абаттандыру қағидалары» ережесін бұзғаны үшін 48 100 теңге көлеміндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды қала әкімдігі.

Сол сияқты күн сайын қалада табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері қоқыс қалдықтарын төгуге жол бермеуге бағытталған іс-шаралар жүргізіп, қоқыс қалдықтары көптеп  төгілетін жерлерге тексерістер жүргізілтіні де айтылған.

Одан бөлек, тұрғындар арасында әкімшілік заңнаманы бұзған үшін берілетін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

«Сонымен қатар, бақылаусыз және абаттандыру ережелерін бұзуға жол бергені үшін жоғарыда көрсетілген нысанның бас мердігері - «Arabtec Consolidated Contractors Limited» компаниясы 721 500 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жалпы жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабын «қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын» бұзғаны үшін 236 құрылыс ұйымы 16 млн теңгеден астам соманы құрайтын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.