Астанада «Адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты арнайы баяндама таныстырылды
Жиынға қатысқан ҚР Мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Адам құқықтары Қазақстан мемлекеті саясатының басым бағыты, жоғары құндылығы екендігін баса айтты.
«Арнайы баяндама адам саудасы құрбандарының құқықтарын халықаралық стандарттарға сәйкес қорғаудың нақты жолдары, ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдірудің тетіктерін көрсетіп отыр. Сол арқылы біз қоғамдағы осындай келеңсіз әрі қауіпті құбылыстардың жолын кесуге, адамдардың ары мен абыройын, бостандығы мен құқығын қорғауға кең мүмкіндіктер жасаймыз. Өйткені адам құқығы адамзат қоғамындағы ең қастерлі қазына, баға жетпес құндылық», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Бүгінде БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан адам құқықтарын қорғауға, адам саудасын болдырмауға қатысты күресте ең белсенді жұмыстар атқарып жүр.
«Ежелден келе жатқан Ұлы дала демократиясына негізделген құқықтық дәстүрлер жиынтығы, оның ішінде «Жеті жарғы» ережесі адамдардың өмірі мен бостандығын құрметтеуге, ел басқарудағы үрдістерді қалыптастыруға қызмет етіп келді. Осындай тарихи сабақтастық Қазақстан Конституциясында да көрініс тапты. Сондықтан Ата Заңымызда кепілдік берілген адам құқықтары бүгінде мемлекеттік саясаттың басымдық берілген ең негізгі бағыт-бағдары болып саналады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, сақтау мен қорғауға міндеттеме алып, БҰҰ-ның адам құқығына қатысты 60-тан астам халықаралық келісімшарттарын ратификациялағанын айта кету керек», - дейді Г.Әбдіқалықова.
Аталмыш баяндаманы жасақтауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссиясы, сондай-ақ отандық және халықаралық қоғамдық ұйымдар, Орталық Азиядағы БҰҰ өкілдігі, мемлекеттік органдар және қазақстандық, шетелдік сарапшылар атсалысты.