Астанада «Адам ресурстарын басқару: өткенді қорытындылау және болашаққа жоспар» атты конференция өтеді

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ертең Астанада «Адам ресурстарын басқару: өткенді қорытындылау және болашаққа жоспар» атты бесінші халықаралық конференция басталады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұйымдастырып отыр. Конференцияға «Самұрық-Қазына» қорының, «ҚазМұнайгаз» компаниясының басшылары, ұлттық және қазақстандық компаниялардың кадр саласындағы жетекшілері, персонал және адам ресурстарын басқару саласындағы халықаралық сарапшылар қатысатын болады. Шара аясында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің және Ресейдегі басқарушы кадрларды дайындау жөніндегі президенттік бағдарламаның сарапшысы Владислав Расковаловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты болады деп күтілуде.

Конференцияның қатысушылары адам ресурстарын басқарудың соңғы 10 жылдағы даму тәжірибесін, мемлекеттік және жеке, өндірістік, қаржы компанияларындағы кадр саясаты мәселелерін талқылайды. Әрі адам ресурстарын басқару қызметінің жетекшілері адам ресурстарын басқарудағы жаңа құралдары, еңбек өнімділігін арттырудағы, басқарудағы тиімді нәрселер туралы талдап, пікір алмасады. Форум қонақтары- әлемдік дәрежедегі адам ресурстарын басқару жөніндегі мамандар осы салада қалыптасқан үрдістерге талдау жасайды.