АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы еңселі қонақүйлердің бірі - «Хилтон Астанада» XI Астана экономикалық форумының салтанатты түрде аккредиттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты рәсімде лентаны ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов пен «GVA Kazakhstan» серіктесі Болат Столяров ашты.
«Аккредитацияны осы жерден, әуежайдан (Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы - авт.), сонымен бірге «Марриот», «Риксос» отельдерінен алуға болады. Сондай-ақ, оны «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығынан ала аласыздар. Аталмыш орындардан аккредитацияны алу бәріне де ыңғайлы болар деген ойдамыз», - деді шара барысында Руслан Дәленов.
Еске сала кетсек, XI Астана экономикалық форумы елордада 17-19 мамыр күндері өтеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, XI Астана экономикалық форумының негізгі ерекшелігі - бұл жолғы АЭФ үш күнге созылады. Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал, үшінші күні негізгі спикерлер қалып, күні бойы алты бағыт бойынша Қазақстан үкіметімен, сондай-ақ сарапшылармен бірге жұмыс істейтін болады.
«Негізгі мақсат - форум кезіндегі барлық идеяларды жазып алу, бізге лайықты ұсыныстарды іске асыру. Біз соның бәрін қағазға түсіріп, өз елімізде іске асыруға тырысамыз. Бізге нақты ұсыныстар қажет», - дейді Т.Сүлейменов.
Сонымен бірге, бұған дейін АЭФ-ке қатысатын спикерлер саны рекордтық көрсеткішке жететіні хабарланған болатын.