Астанада «Афалинаның секірісі» атты қазақстандық көркем туындының тұсауы кесілді

АСТАНА. Қыркүйектің 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше қыркүйектің 18-і күні Астанадағы «Самұрық» кинотеатрында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың тапсырысымен түсірілген «Афалинаның секірісі» атты көркем фильмнің тұсауы кесілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Детектив жанрындағы көркем туынды бір мезгілде республикамыздағы 26 кинотеатрда көрсетілді. Фильм «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссері Эльдар Оразбаев. Көркем туындының сюжет желісі бойынша қазақстандық және ресейлік ішкі істер саласының офицерлері тапсырыспен өлтірілген өзге елдің сауда өкілі өлімінің себептерін іздестіру барысында шытырман оқиғаларға тап болады. Өз қызметіне адал, елінде тек әділеттіліктің ғана салтанат құруын қалайтын өз кәсібінің шебер мамандары қызмет бабында жүріп, қылмыскерлердің небір сұмдық, жанкешті әрекеттері  мен саясаткерлердің сан түрлі сайқал істерінің куәсі болады және олар сол істерге араласа жүріп, әділеттілікпен толассыз күрес жүргізеді.

Фильмнің басты рөлдерін бізге «Бейбарыс сұлтан», «Бақсы» фильмдерінен жақсы таныс  Фархат Аманқұлов сомдайды. Сонымен қатар онда «Қара тақта» фильмінде түскен Дарья Мороз, «Мұстафа Шоқай» фильмінің басты рөліндегі Азиз Бейшеналиев және Михаил Жигалов, Ерік Жолжақсынов сияқты өнер майталмандары бар.  

«Бұл, ең алдымен Елбасының, Қазақстанның тапсырысы негізінде түсірілген фильм. Онда махаббат пен сүйіспеншілік, батырлық пен қайсарлық, ішкі істер саласы қызметкерлерінің өзі қызметіне деген адалдық қасиеттері көрініс табады. Сондай-ақ фильм үлкен саясаттағы азаматтардың ақшаға деген шектен тыс құштарлығының соңы неге әкеліп соғатындығын ашып көрсетеді. Детектив көпшілікке танымал жанр. Сондықтан туынды көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын», деді фильмнің тұсаукесер рәсімінде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.

Оның  сөзіне қарағанда, «Афалинаның секірісі» Мәскеу, Анапа, Алматы, Астана, Ақтау және Талдықорған сияқты барлығы алты қалада түсірілген. Ұйымдастырушылардың мәліметтерінше, фильмді түсіруге қатысқан азаматтар саны жүзге дейін таяпты. Ал оған қажетті құрал-жабдықтар бірнеше тоннаға жеткен.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен еліміздің бірқатар министрлері, Парламент депутаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ қазақстандық туындыны әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов те тамашалады.