Астанада агросаладағы БҰҰ ұйымының өкілдігі ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның агроөнеркәсіптік саясат, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және мал шаруашылығын дамыту, жер және су ресурстарын тұрақты басқару және оларды жоспарлау, орман және балық шаруашылығын дамыту саласындағы әлеуетін құру және арттыру мақсатында Қазақстан Үкіметі Байланыс және серіктестік бюросының форматында ФАО өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Әлемде осындай Бюро тек 5 елде бар (Мексикада, Әзербайжанда, Камерунда, Экваториялық Гвинеяда, Кот-д'Ивуарда). Бұл ретте, келешекте (1-2 жылда) егер жобалар сәтті іске асырылса, Бюроны субаймақтық бөлімшеге айналдыру мүмкіндігі бар (қазіргі кезде ФАО-ның Орталық Азия елдеріне арналған субөңірлік бөлімшесі Анкарада, Түркияда орналасқан)», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

Бұл Бюро уәкілетті мемлекеттік органдардың жақындығын ескеріп, агроөнеркәсіптік кешен саласында күнделікті тығыз жұмыс жүргізу үшін Астана қаласында орналасатын болады. Сондай-ақ БҰҰ ұйымдарының хабын құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында келешекте Алматы қаласында филиалын ашу жоспарланған. Бюроның жалпы штаттық бірлігі елде іске асырылып жатқан жобалар санына байланысты 20 қызметкерді құрайды, оның ішінде жергілікті сарапшылар мен шетелдік мамандар, техникалық персонал болады.

«Бюроның басшысын ФАО Үкіметпен келісе отырып тағайындайды және ол халықаралық негізде таңдалады. Басшының уәкілетті орынбасары Қазақстан резиденті болады», - деп нақтылады Шөкеев.

Үкіметтің Бюроға қосатын үлесі - тегін берілетін тиісті үй-жай, кеңселік жабдық және операциялық шығындарға арналған 300 мың доллар көлеміндегі жылдық жарна. Бұл шығындар Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Сыртқы істер министрлігінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетінде көзделген.

Қазақстандағы Бюроның ашылуынан күтілетін артықшылықтарға тоқталған министр, саяси тұрғыда  ауыл шаруашылығында және азық-түлік өндірісінде жоғары әлеуеті бар мемлекет ретінде Қазақстанның беделі артатынын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыттары бойынша жаһандық диалогтарға белсенді қатысу мүмкіндігі жоғарылайтынын атап өтті.

Бұдан бөлек, әлеуметтік-экономикалық артықшылықтар аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жер және су ресурстарын тұрақты басқару, жоспарлау, орман және балық шаруашылығын дамыту саласындағы Қазақстанның әлеуетін арттыруға ықпалын тигізеді.