Оның айтуынша, қазір елордадағы сегіз медициналық ұйымда тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялардың таралуына зертханалық бақылау жүргізіліп жатыр.
Биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы науқастардан алынған 365 сынама зерттелген. Соның 21-інен A(H1N1) тұмауы анықталды. Бұл тексерілген сынамалардың 5,7 пайызына тең.
Бұл – қаладағы барлық науқастың саны емес, іріктеп алынған сынамаларды зерттеу нәтижесі.
– A(H1N1) тұмауының белгілері кәдімгі маусымдық тұмауға ұқсайды. Бірақ кей науқастардың жүрегі айнып, құсуы немесе іші өтуі мүмкін. Бұл вирустың басты ерекшелігі – аурудың ерте асқынуы. Әдеттегі маусымдық тұмауда асқыну көбіне бесінші-жетінші күні немесе одан кейін байқалса, A(H1N1) кезінде екінші-үшінші күні-ақ басталуы мүмкін. Соның салдарынан вирустық пневмония дамып, кей науқастардың тыныс алуы 24 сағат ішінде күрт нашарлауы ықтимал. Мұндай жағдайда өкпені жасанды желдету қажет болуы мүмкін, – деді Айгүл Шағалтаева.
Маманның сөзінше, вирус ауа арқылы және науқаспен тұрмыстық байланыс кезінде жұғады.
Тексеру барысында басқа да респираторлық вирустар анықталған. Атап айтқанда, 51 сынамадан аденовирус, 20 сынамадан риновирус, 12 сынамадан парагрипп және 11 сынамадан коронавирус табылған.
Астанада ЖРВИ-мен қанша адам ауырды?
2026 жылғы 1 қазаннан 18 қарашаға дейін Астанада жедел респираторлық вирустық инфекцияның 89 942 жағдайы тіркелген. Науқастардың 57,6 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Соңғы бір аптада 21 158 адам ауырған. Олардың шамамен 60 пайызы – балалар.
Дегенмен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 38 пайызға төмендеген.
Ауруханалардағы жағдай қандай?
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Ашимхановтың айтуынша, қаладағы медициналық ұйымдар науқастар саны мен ауруханалардағы орындардың толуын күн сайын бақылап отыр.
18 қарашадағы мәлімет бойынша, елорда ауруханаларында ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 адам ем қабылдаған. Олардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Осы аурулар бойынша жансақтау бөліміне жатқызылғандар тіркелмеген. Ал өткен тәулікте қайтыс болғандар болмаған.
Сонымен қатар ЖРВИ-мен ауырған 4 559 адам емханалардың бақылауында болған.
Науқастар санының артуына байланысты ауруханаларда қосымша орындар ашылып, емханалардың жұмысы күшейтілген. 19 қарашадағы жағдай бойынша қаладағы 4 963 төсек-орынның 4 852-сі бос емес. Ауруханалардағы орындардың шамамен 98 пайызы толған.
Қаладағы 41 емханада тұмау мен ЖРВИ белгілері бар тұрғындарды қабылдайтын арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
– Бұл кабинеттер жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, ал демалыс күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін ашық. Тұмау немесе ЖРВИ белгілері пайда болған тұрғындар осы кабинеттерге жүгіне алады, – деді Айдын Әшімханов.
19 қарашадағы мәлімет бойынша, қалада жедел жәрдемнің 109 бригадасы және емханалар жанынан құрылған 54 мобильді бригада қызмет көрсеткен.
Айдын Әшімхановтың айтуынша, жедел жәрдемге хабарласатындар әсіресе кешкі сағат 18:00-ден түнгі 02:00-ге дейін көбейеді. Сондықтан осы уақытта өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар бойынша жедел жәрдемнің келуі кешігуі мүмкін.
– Бірінші санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем 10 минут, екінші санаттағы шақыртуларға 15 минут ішінде жетуі тиіс. Ал үшінші және төртінші санаттағы шақыртуларға, әсіресе кешкі уақытта, кешігіп бару жағдайлары кездеседі. Себебі осы уақытта жедел жәрдемге хабарласатындар саны артады, – деді ол.
Мектептер қашықтан оқытуға көше ме?
Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, соңғы аптада Астанадағы 159 мектепте ЖРВИ жағдайлары тіркелген. Ауырған балалар жалпы оқушы санының 0,6 пайызын құрайды.
Әзірге мектептерде шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ.
– Егер бір сыныптағы оқушылардың 20–30 пайызы бір инкубациялық кезең ішінде тұмау немесе ЖРВИ жұқтырса, қосымша сақтық шаралары қабылданады. Оқушылардың басқа кабинеттерге ауысып оқуына шектеу қойылады. Науқастармен байланыста болған балалар жеті күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Ал сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы ауырса, сол сынып қашықтан оқытуға көшіріледі, – деп түсіндірді департамент басшысы.
Тұмаудан қалай сақтануға болады?
Астанада тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 19 қарашада таратқан мәліметіне сәйкес, 17 қарашаға дейін 143 619 адам екпе алған. Олардың 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Мамандар тұрғындарға адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуға, қолды жиі жууға және бөлмелерді желдетуге кеңес берді.
– Аурушаңдық жоғары кезеңде қарапайым сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Адам көп жиналатын орындарға баруды шектеп, жеке бас тазалығын сақтау қажет. Аурудың алдын алу оны емдегеннен әлдеқайда жеңіл, – деді Айгүл Шағалтаева.
Бұған дейін Қазақстанда эпидемиологиялық маусым басталғалы 1,4 млн-нан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін хабарлаған едік.