Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық IT форумы өтеді

Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Биыл 1–3 қазан аралығында елорда Орталық Еуразиядағы ең ірі технологиялық оқиға – AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумының алаңына айналады.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспаөз қызметінің хабарлауынша, бұрын Digital Bridge атауымен белгілі болған форум жаңартылған форматта өткізіліп, Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған басымдықтарын айқын көрсетеді.

AI & Digital Bridge форумында жетекші технологиялық компаниялар, кәсіпкерлер, инвесторлар, зерттеушілер және мемлекеттік институттардың өкілдері бір алаңда бас қосып, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық экономика болашағын талқылайды.

Форумның ресми бағдарламасындағы стратегиялық іс-шаралардың бірі Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысыболады. Жиында елдегі AI экожүйесін дамыту, жасанды интеллект саласындағы ұлттық саясатты іске асыру және жаңа цифрлық экономика үшін кадр даярлау мәселелері қарастырылады.

Форум бағдарламасының дәстүрлі әрі көпшілік асыға күтетін бөлімдерінің бірі – Astana Hub Battle халықаралық стартап-байқауы. Бұдан бөлек жасанды интеллект саласындағы жаңа есімдерді танытуға ықпал ететін ауқымды халықаралық жарыс өтеді. Жас IT-командалар үшін бұл идеяларын таныстырып, жобаларын дамытуға қолдау табудың маңызды алаңы болмақ.

Бүгінде AI & Digital Bridge аймақтың жетекші технологиялық оқиғаларының біріне айналды. Жеті жыл ішінде форумға 100 елден 127 мыңнан астам адам қатысып, 1500-ден астам спикер ой қозғап, 600-ден астам стартап жаһан назарына таныстырылды.

Форум тұрақты негізде дамып келеді және биыл да бюджет қаражатын тартпай ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Астана қаласының әкімдігі.

Өтетін орны: EXPO халықаралық көрме орталығы.

Осыған дейін меморгандардың үздік жасанды интеллект жобаларына арналған ұлттық сыйлық жарияланғанын жаздық.