Астанада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырлары асқақтайды

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат - Ақпанның 19-ы күні Астанада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырлары асқақтайды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алатаудан түлеп ұшып, барша қазақтың аяулы ақынына айналған Мұқағали халқына өшпес мұра қалдырды. Ақпан айындағы ақынның туған күні бұл күндері еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр. Сондай мәдени шара Елордасында жоспарланып отыр.

Астанадағы «Тұран» мейрамханасында өтетін «Аманат бір өзіңе жырым-сырым...» атты ақын кешіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеухан, белгілі ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Әнес Сарай, Қойшығара Салғараұлы қатысып, Мұқағали Мақатаев туралы сырларымен бөліседі деп күтілуде.

Осы мәдени шараны Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Зерде» инновациялық орталығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Бұл кеште ақынның асқақ рухты өлеңдері оқылады және әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындайды.

Ақынның кеші сағат 18-00-де басталады.