Астанада Ақмола облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы сенбіде, 24 қазан күні, елордада Ақмола облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ағымдағы маусымның соңғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Ақмола облысының шаруалары «Хан шатыр» ОСО алдындағы алаңда жалпы құны 404 миллион теңге болатын 968 тоннаға жуық өнім әкеледі. Жәрмеңкеде елорда тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар тағамдар: көкөніс, ет өнімдері, макарон, жұмыртқа, бал және өзге де өнімдер ұсынылады. Бұдан бөлек, жәрмеңке кезінде концерттік бағдарлама, спорттық шаралар және байқаулар ұйымдастырылады. Еске салайық, Қазақстан өңірлерінің қатысуымен өтетін апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі Астана қаласы әкімдігімен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылады. Астанада қыркүйек айының басынан бері Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткен болатын.