Астанада ақмолалық тауар өндірушілердің «AQMOL» сауда үйі ашылды

Фото: None
  КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Астана қаласында ақмолалық тауар өндірушілердің азық-түлік өнімдерін сататын  «AQMOL» сауда үйі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауда үйі Рахымжан Қошқарбаев даңғылы, 37 мекенжайында орналасқан. Сауда үйінің ашылу рəсіміне Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин, облыс пен Астана тұрғындары қатысты.
 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Астана қаласының маңындағы азық-түлік белдеуін ары қарай дамыту бойынша Ақмола облысы Астанада жаңа сауда нүктелерін ашу жолымен өңірдің тауарөндірушілерінің өнімдеріне қол жеткізуді жақсартуды көздеп отыр.
 

"Ақмолалық тауар өндірушілердің өзіндік сауда желісін құруы өнім өткізу мәселелерін шешуге көмектеседі, сонымен қатар делдалдарсыз төмен баға бойынша сапалы азық-түлік тауарларын алуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру барысында 1-кезеңде 3 дүкен ашуды көздеп отырмыз", - деді Мəлік Мырзалин.
 

Сонымен қатар, аймақ басшысы Астана қаласында 2 кезеңде дүкендер желісін 10 сауда нүктелеріне дейін кеңейтілетінін,  Ақмола облысы тауар өндірушілердің көтерме сауда орталығын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бастапқы кезеңде құрылтайшы құрамына өңіріміздің он ірі тауарөндірушілері кірді. Бұл көкөніс, сут және ет өнімдерін, өсімдік майларын және белгілі брендтегі өнімдер шығаратын ЖШС «Агрофирма «Родина», ПК «Ижевский», «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Гормолзавод»,  «Айна» сауда үйі» және басқа да кәсіпорындары. Алдағы уақытта тауарөндірушілердің тізімі және тауар ассортименті кеңейе түспек.