Онда қазақ тілін компьютерлік, ақпараттық бағдарламалар интерфейстерінде қолдану мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ Байланыс және ақпарат министрлігінің ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдердің интерфейстерін қазақ тіліне аударуды талап ету мәселесін қарастырып жатқаны айтылды.
Асқар Жұмағалиевтің пікірінше, вендерлер бағдарламаларды әзірлеуде және ақпараттық жүйелерді қалыптастыруда олардың интерфейстерін қазақ тіліне аударулары керек. Компанияның технологиялар саласындағы бірден бір жетістігі осыған да байланысты болмақ. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында министр мобильді телефондарда қазақ тілі қаріптерінің қолданылуына баса назар аударды. Бүгінгі күні Samsung, Lg және Nokia компаниялары өз телефондарына қазақ тілі қаріптерін енгізген. Шараға қатысушылар қазақ тілін меңгеріп, ммелекеттік тілде сөйлеушілер саны күн сайын артып келе жатқанына тоқталып, сондықтан да, қазақ тілді қаріптер ескерілген телефондарға сұраныс та арта түсетінні атап көрсетті. Байланыс және ақпарат министрлігі бұл мәселені шешіп қойған. Қазіргі күні мемлекеттік стандарттар жобалары әзірленіп, мобильді телефондарға қазақ тілін енгізу функциялары орнатылуда.
Байланыс және ақпарат министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру еомитетінің басқарма басшысы Гүлнәр Бөкееваның айтуынша әзірленіп жатқан мемлекеттік стандарттарда әр түрлі стандарттағы ұялы байланыс абоненттері станцияларының негізгі параметрлеріне техникалық талаптар, атап айтқанда қазақ әріптерін кодтау талаптары және олардың орналасу реттілігі, хабарламаларды қабылдау және жіберу қойылуда. Сонымен қатар шара барысында жақын күндері Қазақстанда қазақ әріптері қамтылған алғашқы планшеттік компьютер шығарыла бастайтыны айтылды. Жаңа қондырғыда қазақ тіліндегі құжаттарды қабылдау, хаттар жіберу секілді қызметтер қарастырылған.
Бұдан бөлек дөңгелек үстелде республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары қатысқан басқосуда www.baq.kz порталы таныстырылды. Baq.kz порталын әзірлеудегі басты мақсат - интернет желісінде қазақ тілді БАҚ-ның сайттарын көбейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын бір порталға топтастыру.
Асқар Жұмағалиевтің пікірінше, осындай орталықтандырылған каталог- қазақ тіліндегі ақпараттардың желі ішінде тез тарауына ықпал етеді.
Анықтама: «www.Baq.kz» -қазақ тілді БАҚ-ның сайттары топтастырылған платформа. Оны «Казконтент»АҚ барлық ақпараттық ресурстарды біріктіру мақсатында әзірлеген болатын. Тілек білдірген әрбір баспасөз ақпарат құралы сайттан өзінің бөлімшесін аша алады. Сайттың негізгі мақсаты - қазақ тілді БАҚ-ның рейтингін көтеру, Интернет желісіндегі қазақ тілді контент сапасын жақсарту.