Астанада ақыл-есі кем 6 азамат әкімшілік жауапқа тартылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы мен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бірлесе жүргізген тексерісінің нәтижесінде әрекет қабілеттілігі жоқ тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 26-бабына сәйкес, жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкiн. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 31-бабына сәйкес, әкiмшiлiк жауаптылықта әрекет қабілеттігі жоқ тұлғаларды жауапқа тартуға тыйым салынады. Алайда, Астана қаласының Ішкі істер департаментіне қарасты мекемелер мен Сарыарқа ауданы бойынша Салық басқармасы тарапынан созылмалы психикалық сырқатқа шалдыққан, ақыл-ес кемдiгi немесе психиканың өзге де сырқатты жай-күйi салдарынан ақыл-есi кем болған 6 жеке тұлғаны әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту фактілері анықталып отыр», - делінген баспасөз баянында. Осыған орай, Астана қаласының прокуратурасы анықталған фактілер бойынша заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіп, аталған мекемелердің қызметкерлеріне заң түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге 6 әрекет қабілеттігі жоқ тұлғаларды заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулылардың күші жойылды.