Астанада ақылды электронды тақта таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Ақылды аудан» жобасының аясында жаңа электронды тақтаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аялдамада орнатылған электронды тақтаның ерекшелігі сол, бірнеше қызмет түрін ұсынады. Атап айтқанда - автобустар кестесі, қала бойынша бос жұмыс орындары және такси қызметі.

«Бұл «Ақылды аудан» жобасының аясында жүзеге асырылатын бірнеше жобаның бірі. Әзірге пилоттық нұсқа ретінде бір жерде ғана орнатудамыз, сәтті жүзеге асырылса алдағы уақытта қала бойынша орнатылатын болады. Және тақтаның жұмысын жетілдіретін боламыз.Тағы бір айтып кетерлігі, электронды тақтаны өзіміздің отандық IT мамандары жасап шығарды. Сол сияқты мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалмады, яғни жеке инвесторлық есептен жүзеге асырылуда», - деді «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев.  

Оның айтуынша, «Ақылды аудан» жобасын жүзеге асыру негізгі үш бағыттан тұрады, алдымен смарт технология, екінші экологиялық проблеманы шешу және урбандық мәселелерге жауап беруі тиіс.

«Біздің министрлік Astana Innovations-мен бірнеше жобаларды қолға алуда. Бүгін соның бірін таныстырудамыз. Бұл жерде автобус кестесінен бөлек, жұмыс іздеушілер enbek.kz сайтының қызметін пайдалана алады. Ендігі мәселе тұрғындардың тақтаны қажетіне пайдалануы, бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз»- деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, елорданың «Жастар» ауданында орнатылған  электронды тақтаға алдағы уақытта басқа да қызмет түрлері енгізілетін болады.