Әкімдіктің хабарлауынша, бүгінде Астанада 105 орта білім мекемесі бар, оның 85-і мемлекеттік, 1 - кешкі, 15 - жекеменшік және төртеуі - республикалық маңызы бар мектептер.
«Жаңа оқу жылында Астана мектептеріне 160 мың оқушы барды, оның арасында 18 мың бірінші сынып оқушысы бар. Маусымайынан бастап, 1 сыныпқа қабылдау үшін электронды және қағаз жүзінде 16 мыңнан астам өтініш тіркелді», - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Сонымен бірге әкімдік Астанада салынатын жаңа мектептер жөнінде баяндады.
«2018 жылы - 8 мектеп жөндеуден өтсе, соңғы 4 жылда 22 білім білім беру ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 5 жылда Астанада 24 мектеп пен 10 қосымша ғимарат құрылысы жоспарланып отыр, сондай-ақ 50 мың орынды қамтитын жекеменшік мектептер ашу көзделген. Бұл қадамдар үш ауысымды мәселені шешуге көмектеседі», - деп хабарлады елорда әкімдігі.
Оқу ғимараттарында балаларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа оқу жылында 42 мектепте ауыз су фонтаны, 13 мектепте бастауыш сынып оқушылары үшін жеке шкафтар орнатылған.
«Мектептер робототехника кабинеттерімен, компьютерлік, интерактивті және STEM зертханаларымен жабдықталады, әрбір сыныпқа Wi-Fi желісі өткізіледі. Қағазбен байланысты жұмыстарды қысқарту мақсатында, электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі енгізіледі. Ата-аналар мен педагогтар үшін осы жылдан бастап ұялы қосымша жұмыс істейді», - дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.