Астанада алдағы мереке күндері қандай шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелеріне арналған шараларға белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 7, 8 және 9 мамырда Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына мерекелік бағдарлама ұсынылады. Шаралар ашық алаңдарда, концерт залдары мен театрларда өтеді.

Отан қорғаушы күніне орай 7 мамырда қалалық алаңда (әкімдіктің алдындағы алаң, Бейбітшілік к-сі, 11) қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ашық аспан астында үлкен концерт өтеді. Мерекелік шара сағат 13:00-де басталып, сағат 23:00-ге дейін жалғасады. Мөлдір Әуелбекова, Дастан Оразбеков, Бейбіт Қорған, Серік Ибрагимов, Адам, «Арт Домбыра» және «Меломен» топтары және т.б. өнерпаздар келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

Жеңіс күніне арналған шаралар 8 және 9 мамырда өтеді.

8 мамырда сағат 10:00-де Орталық қалалық зиратта Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары алған жарақаттардан көз жұмған ақмолалық жауынгерлердің қабіріне Даңқ гүл дестесін қою салтанаты өтеді. Осы күні «Астана» концерт залында «Ұлы жеңіс күні» атты мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылады. Мәдина Сәдуақасова, Рустем Нұржігіт, Мейір Байнеш, Диная және т.б. өнер жұлдыздары шараға арнайы шақырылған қонақтар - Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап сағыс жылдарындағы әндерді орындайды. Сондай-ақ, концертке елордалық «Жастар» театрының артистері қатысады.

9 мамырда «Отан қорғаушылар» монументіне «Даңқ гүлдестесін» қою салтанаты өтеді. Содан кейін Студенттік саябақта 11 әскери палатадан құрылған қалашықта ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнап мерекелік дастарқан жайылады.

Жеңіс күнін мерекелеу Студенттік саябақта (Орбита ауданы) және қалалық алаңда жалғасады. Белгілі қазақстандық эстрада әншілері соғыс жылдарындағы әндерді орындайды. Елорда тұрғындары мен қонақтары концертті тамашалай алады.

Шаралардың толық тізімі www.madeniet.astana.kz сайтында жарияланған.