Астанада әлем сахнасындағы қазақстандықтар «Туған ел төсіндегі концертін» береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы күнінде «Туған ел төсіндегі концерт» деген атпен әлемнің түрлі елдерінің классикалық музыка жұлдыздарының бірегей концерті өтеді.

Әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп жүрген әртістерді ортақ отаны - Қазақстан біріктіреді. Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы хабарлады.

Олар: Қайыржан Жолдыбаев - тенор (Германия); Сара Найман - сопрано (Австрия); Әмір Тебенихин - пианист (Германия); Ержан Құлыбаев - скрипка (Испания).

Аталмыш концертті ұйымдастырушылар қазіргі кезде шет елде жұмыс істейтін отандас жас музыканттардың басын қосып, олардың шығармашылығын Астана халқына паш етпек. «Туған ел төсіндегі концерт» - бұл туған елге, мәдениетіне деген құрмет және классикалық өнердің барлық музыкалық жанрларын дәріптеу. Аталмыш концертте классикалық музыканың әлемдік жауһарлары жаңаша сипатта орындалады әрі көрмендер сирек туындылармен құлақ құрышын қандыра алады.

Концерт бағдарламасына Ф.Листтың «Венгр рапсодиясы», Су Чонгтың Қытай ханзадасының ариясы, Дж.Вердидің «Сицилий кешкі отырысы» операсынан Елена болеросы және әлемнің танымал туындылары мен отандық авторлардың шығармалары енгізілген. Музыканттарды дирижер Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі сүйемелдейді.

Кез келген әнші үшін гастрольдік сапар тәжірибе жинақтауға, шығармашылық ерекшелігін бағалауға мүмкіндік беретін жұмысының ең басты бөлігі. Ал отандастарымен жүздесу - әрқашан жүректе толқыныс тудыратын ерекше сәт. Себебі, жерлестері әншілерді бала кезінен біледі. Сондықтан кешке қатысатын танымал жұлдыздар бұрынғыдан да таныс әрі жақын бола түспек.

«Туған ел төсіндегі концерт» ұйымдастырушылары Астана тұрғындары мен қонақтары ұлттық әрі әлемдік мәдениет құндылықтарын дәріптейтін бірегей кеште мәдени және эстетикалық баий түседі деген үмітте.

Концерт 6 шілде сағат 20.00-де «АСТАНА ОПЕРА» опера және балет залында өтеді.