Шараға АҚШ, Корея, Ресей, Беларусь, Украина және Қазақстан елдерінің 300-ден астам жетекші ғалымдары қатысуда. Олардың қатарында АҚШ-тың Флорида штатының Радиологиялық технологиялар университетінің президенті, профессор Брент Мерфи, Кореяның Сеул Ұлттық медициналық университетінің профессоры Ы Кю Чи онкопатологиямен ауыратын науқастарды диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы халықаралық стандарттарын ұсынды.
«Қазақстанда медицина аса қарқынды дамуда. Біз Қазақстанға өз біліктілігіміздің үстіне бұдан да көп білім жинақтап, өзіміздің де тәжірибелерімізбен бөлісу үшін келіп отырмыз», - дейді Корея профессоры Ы Кю Чи.
«Жалпы, пікір алмасу және қазіргі заманғы онкологиялық ғылымның озық жетістіктерімен танысу онколог-дәрігерлердің білімін арттырып, күнделікті жұмыстарына енгізуге мүмкіндік береді», - деп есептейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адам ресурстары департаментінің бастығы Марат Телеуов.
Конференцияның алғашқы күні «Астана медициналық университеті» АҚ базасында пленарлық мәжіліс өтіп, Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары химиотерапиялық емдеу және сәулелік диагностиканың негізгі бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар, дәрілік құралдар, диагностикалық және емдік құрал-жабдықтар, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар және мамандандырылған медициналық басылымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ғылыми блогта отандық және шетелдік ғалымдар онкология саласындағы жеке зерттеулерінің нәтижелері туралы баяндауға мүмкіндік алады.