Астанада alemzhastary.kz атты қазақстандық студенттердің халықаралық порталының тұсауы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін шетелдегі студенттік ұйымдардың өз күшімен және «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен жасалған alemzhastary.kz атты қазақстандық студенттердің халықаралық порталының тұсауы кесілді. Шара 14-15 тамыз аралығында өтіп жатқан Қазақстанның шетелдік студенттер ұйымдарының ІІІ Слетіне орайластырылды.

Порталды жасаушылардың айтуынша, платформа сарапшылық алаңқайлар, жаңалықтар лентасы, Қазақстанның шетелдік студенттер ұйымдары шараларының анонстары, озық жобалардың мысалдарынан тұрады.

«Ынтымақтастықтың желілік форматы шетелдегі әрбір ізденушіге студенттік ұжымдар жобаларынан хабардар болып отыруға мүмкіндік беріп, олардың іске асырылуына қатысуы мен өз жобасына бастамашылық етуіне жол ашады», - деп атап өтті жобаны таныстырған «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Арман Барменбаев.

Бұдан бөлек, қатысушылар өзіндік желілік жобаларын дамытуға қатысты көзқарастарымен портал арқылы басқа елдердегі студенттермен бөлісе алады. Айта кетейік, Канада, Ресей және Қытайда оқып жатқан студенттер «Білім көпірі», «Like#Kazakhstan» және «Жайдарман» жобаларымен таныстырды.