Астанада «Әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты келісім» атты кітаптың тұсауы кесілді

СТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Алматының «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясының еліміздегі кәсіподақ ұйымдары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп дайындаған «Әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты келісім» атты кітабының тұсауы кесілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш жобаны ұйымдастырушылардың сөздеріне қарағанда, қазір еліміздің көптеген тұрғындары үкімет, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында арнайы келісімнің бар екендігін білмейді және білетіндерінің өзі оны жете түсінбей отыр. Үшжақты келісімге қатысты алдын ала арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мен қоғамдық пікірге қатысты жасалған әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі осыны көрсетті. Осыған қарай кітапта үкімет, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы келісім негізінде елде атқарылып жатқан жұмыстардың жайы мен оған қатысты проблемалар, сондай-ақ олардың шешілу жолдары жөнінде ақыл-кеңестер мен келісім негізінде қалыптасып отырған жағдайға қатысты жаңа, тың деректер көрсетілген.

«Бізге бұл жобаны жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Өйткені үкіметтік емес ұйым өкілдері алғашында кәсіподақ ұйымдарымен келісе алмай, біршама пікірталас туындады. Ал жұмыс берушілер қол ұшын созуға уәде бергендерімен, нақты іске келгенде селқостық танытты. Соған қарамастан біз келіссөздер соңында бір байламға келдік. Осының барлығы үшжақты келісімге қатысушы тараптардың бір-бірімен байланыстарын әлі де болса жетілдіру қажет екендігін көрсетті», деді жобаның жетекшісі тарих ғылымының докторы, профессор Ләйла Ахметова.