Астанада әлеуметтік-еңбек жанжалдарын медиация көмегімен шешу жолдары талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қалалық кәсіпкерлер палатасы мен «Медиацияны дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік-еңбек жанжалдарын кезінде медиацияны қолдану мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды.

Шараға қалалық кәсіпкерлер, Астана әкімдігінің өкілдері, БАҚ өкілдері мен кәсіподақтық ұйымдар басшылары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында кәсіби бизнес-жаттықтырушы, «Медиацияны дамыту орталығы» қауымдастығының төрешілер дайындаушы ұстазы Қайрат Төлекеев жиналғандарға кәсіпкерлік саласында туындайтын түрлі дау-жанжалды сотқа дейін жеткізбек, медиацияның көмегі арқылы шешу жолдарын түсіндірді.

«Жанжалдасушы тараптар сотқа шығымданбас бұрын медиаторларға жүгінсе, уақытын да, қаржы-қаражатын да үнемдейді. Ол үшін екі тарап іскерлік келісімшарт жасасар алдында медиаторлық келісімге де қол қоюлары керек. Ол келісімнің заңдық күші болады. Сосын даулы жағдай туындаған кезде тараптар медиация орталығына шағымданса, медиаторлар олардың ісін сотқа жеткізбей-ақ шешіп бере алады», - дейді Қ. Төлекеев.

Оның айтуынша, мұндай қадам келеңсіз жағдайға ұшыраған кез келген тараптың уақытын үнемдеп, қаржы-қаражатын сот процесіне жұмсаудан сақтандырады.

«Сот үдерісі бір жарым жыл, кейде тіпті екі жылға созылуы мүмкін. Ал мұндай бас ауруы қазіргі кезде кімге керек?» - дейді ол.